Павлодарда әлімжеттік көрген жігіт бұрынғы кадет училищесінен 2 миллион теңге өндіріп алды. Буллингке ұшыраған Бекжан Әлімов 2020 жылдың қаңтарында 16 жасында Павлодардағы Химгородок ауданындағы теміржол көпірінен секіріп, аман қалған. Алайда ауыр жарақат алған. Ал мұғалімдер әлімжеттік туралы білсе де, оны үндемеуге көндіріп баққан. Осы ретте полиция “Өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Араға 4 жыл салып, сотқа арыз жазған Бекжан Әлімов кадет училищесі мен білім бөлімінен көрген азабы үшін 18 миллион теңге талап етті. Жігіт әлі де жарақатынан айыққан жоқ. Нәтижесінде талап арыздар ішінара қанағаттандырылды. Мектеп оқушыға келтірілген моральдық зардап үшін 1,5 миллион теңге және оңалту шығындары үшін тағы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.