Пияз екі есе қымбаттады – министрлік себебін айтты

Сауда және интеграция министрлігі пияз бағасының көтерілу себебін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ресми мәліметке сәйкес, биыл елімізде пияз жақсы шыққан. Соған қарамастан, бағасы өте қымбат болып тұр. Жыл басынан бері пияз бағасы 109 процентке (2 есе) өсті. Бұл – соңғы 4 жылдағы ең жоғары өсім. Оған қоса, пияздың бағасы апта сайын орта есеппен 2-3%-ке өсіп келеді. “Республика бойынша пияздың орташа бағасы 191 теңге болса, Алматы облысында ең жоғары бағасы 308 теңге көлемінде тіркелді. Қазақстанның ішкі нарығында пияздың қымбаттауы көршілес нарықта пиязға сұраныстың артуы және экспорттық бағаның жоғары болуымен байланысты. Сондықтан Қазақстаннан көрші нарыққа пияз экспортының көлемі артты”, – дейді министрліктің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ. Ал бақылаусыз экспорттың салдарынан ішкі нарықта пияз тапшылығы болуы мүмкін.