Президент: Азық-түлік бағасы көтерілсе, ведомстволар жауапкершілікті бір-біріне сілтейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында қазіргі уақытта елдегі азық-түлік бағасына бірнеше ведомство жауап беретінін, алайда бағасы көтерілсе, олар жауапкершілікті бір-біріне сілтейтінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Президент елдің аграрлық секторында көптеген проблема барын жеткізді. Бұл ретте мемлекет басшысы азық-түлік тауарларын үлістірудегі және бағаны бекітудегі тиімсіздік мәселесін сөз етті. “Өндірушіден бастап тізбек бойынша бағаны бақылауды қамтамасыз ету қажет. Қазір бұл жұмысқа бірнеше ведомство жауап береді. Баға қайта көтерілгеннен кейін олар мұқият талдау жүргізіп, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды”, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент бұл істе тәртіп орнату қажеттігін атап өтті.