Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасын ұстап тұруға тапсырма берді, деп хабарлайды Ақорда.
“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері 4 процентке өсті. Статистика мәліметіне сәйкес, 2020 жылы қаңтар-қыркүйек айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қарақұмық, сары май, қой еті, жұмыртқа мен сиыр еті ең көп қымбаттағаны байқалады. Ал нан мен сүттің бағасы 8 процентке көтерілді. Ашытқан сүт өнімдері 7 процентке қымбаттады”, – деді Тоқаев коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселелеріне арналған кеңесте.
Мемлекет басшысы дер кезінде азық-түлік қорын жасақтау қажеттігін жеткізді. Осы орайда әкімдер тұрақтандыру қорларын барынша толтырып алуы қажет. Себебі бұл шаралар бағаны ұстап тұруға көмектеседі. Президент азық-түлікті қымбаттатпаудың басқа да шараларын қолдануды тапсырды.