Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев осылай деді. Спорт саласындағы басшылар 2024 жылғы Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылады. Министр олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медальдардың сапасына назар аудару қажет екенін айтты. “Жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін үлкен қаражат бөлініп, қолдау көрсетіліп, қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен, министрлік қайырымдылықпен айналыспайды. Сондықтан әр теңге үшін сұрауы қатты болады. Жоғары жетістіктер спорты нақты нәтижелерге негізделеді, қалғаны – дене шынықтыру. Сондықтан бізге жаңа жеңістер керек”, – деді Дәурен Абаев. Министр іріктеу процедураларының ашықтығына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Ведомство спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қоспақ.