“Әрбір дабыл тексерілуі керек. Заңсыз іс-әрекеттер расталған жағдайда дереу шаралар қабылданып, негізсіз ұсталғандар босатылуы тиіс”

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 13-15 қаңтар аралығында 11 өңірде құқық қорғаушылар адам құқықтарының сақталуын бақылау мақсатында полиция мен ҰҚК-нің 34 мекемесін аралаған. Нәтижесінде ұстау барысында және арнайы мекемелерде көрсетілген қатыгездік туралы 18 шағым түскен. Сол себепті прокуратура әлеуметтік желіде және БАҚ-та таралған қатыгездік туралы барлық хабарламаны тексеріп, оларға құқықтық баға беріп, нәтижелерін жариялауы керек. Медициналық қызметкерлер көмегімен дене жарақаттары іздерін тексеру қажет, – деді адам құқықтары жөніндегі уәкіл.