Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге дәнді дақылдар мен қант экспортына уақытша тыйым салмақ. Болжам бойынша шектеу шаралары тамыздың 31-іне дейін күшінде болады. Экономикалық даму министрлігінің хабарлауынша, бұл шешім елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданып отыр. Биліктің бұл ұсынысы наурыздың 17-сі өтетін Еуразиялық экономикалық комиссияның отырысында қарастырылмақ. Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметі бойынша қазір Ресей 150 процентке дәнді дақылдармен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, Ресейде соңғы бір аптаның ішінде бидайдың бағасы 40 процентке қымбаттаған. Мұндай рекордтық өсім соңғы 14 жылда болмаған дейді сарапшылар. Ал Bloomberg агенттігінің мәліметіне сәйкес, Украинадағы әскери қақтығыс әлемдік бидай экспортының төрттен бір бөлігін қысқартып тастаған.