Ұрлық жасаған: “Nur Otan” партиясының атынан сайланған депутат ұсталды

Атырау облыстық мәслихатының депутаты аса ірі көлемдегі ұрлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлады Хабар 24. “Атырау жүк тасымалы” мекемесіне қарасты Мақат локомотив пайдалану депосында басшылық қызметте болған лауазымды тұлға құны 20 миллион теңге тұратын 120 тонна жанар-жағар майды қолды қылды деп айыпталып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 22 адамнан тұратын қылмыстық топ өткен жылдың маусым-қазан айларында Мақат стансасындағы теміржол қазандарынан жанар-жағармай ұрлап, сатумен айналысқан. Қазір 43 жастағы күдікті үйқамақта отыр. Ол өткен сайлауда “Nur Otan” партиясы атынан облыстық маслихатқа депутат болып сайланған.