Жарты млрд теңге. Қазақстандық Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатындағы жетістігі үшін осынша қаржы алды. Айта кетейік, жерлесіміз әлемнің ең мықты деген теннисшілерін жеңіп, финалға шыққан болатын. Бұның өзі отандық теннис үшін тарихи нәтиже еді. Соңғы сында Беларусь өкілі Арина Соболенкомен жолығып, қарсыласына есе жіберді. Соның арқасында 1 млн 144 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды. Бұл ұлттық валютаға шаққанда шамамен 527 млн теңгені құрайды. Бұған қоса, қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтегі жағдайын да жақсартты. Аустралия ашық чемпионаты нәтижесінде 1300 ұпай еншілеп, қазір жалпы тізімнің 10-шы сатысынап жайғасты. Бұған дейін, 25-ші орында болған еді. Бұл да отандық теннис үшін тарихи көрсеткіш саналады. Рыбакина былтыр да өте сәтті өнер көрсетіп, осы Үлкен Дулыға сериясына кіретін “Уимблдон” бәсекесінде топ жарған болатын.