Солтүстік Қазақстан облысында боран басылып, аяз күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бүгін таңертең сынап бағанасы -28 градусқа дейін төмендеп кетті. Осыған байланысты жауапты мамандар республикалық тас жолдарды ашуға шешім қабылдады. Ал, облыстық маңызы бар жолдар әлі жабық тұр. Қар құрсауында қалған көліктер жоқ. Ал, Қарағанды облысында да барлық жолдар ашылды. Өйткені кешегідей қар жауып, жел ұйытқып тұрған жоқ. «Көлік қозғалысына ешқандай кедергі байқалмайды», – дейді мамандар. Бірақ сынап бағанасы салыстырмалы түрде төмендеген. Қазір облыс орталығында -16 градус көрсетіп тұр.