ҚҚС өсімі бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерге әсер етпейді
Вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуіне қатысты реформаның кімдерге әсер етпейтінін түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Жұманғариннің айтуынша, бұл өзгеріс бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлерге әсер етпейді. “Біз әрдайым айтып келеміз: халықпен жұмыс істейтіндердің барлығына – үй жанындағы дүкендер, дүңгіршек, шатыр, мейрамхана, шаштараздар – бұл реформаның мүлдем қатысы жоқ. Олар бұрынғыдай жылдық жиынтық табысы 2,4 миллиард теңгеге дейінгі шекте бөлшек сауда режимінде жұмыс істеп, 4 пайыздық салық төлей береді. Олар үшін ештеңе өзгермейді. (…) Бұл реформа бизнестің өте тар қабатына қатысты. Отбасын асырап, халықпен жұмыс істейтін, базарларда сауда жасайтын адамдар, бұл реформа оларға ешқандай әсер етпейді – бөлшек салық сақталады”, – деп атап өтті шенеунік.