Сағынтаев: “Күнәһар болғым келмейді”

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы Зерделі ықшамауданында қисайып қалған тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстары жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Ауқымды жұмыс жүргізілді. Үйді қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Үй тексерістен толық өтті. Тұрғын үйдегі пәтерлердің есігі сынып, қабырғалары шытынаған болатын – соның бәрі қалпына келтірілді. Жұмыс бітті, біраз адам үйіне кіре бастады. Тұрғындардың сұрақтары бар, сол себепті әр пәтер иесімен жеке сөйлесіп жатырмыз”, – деді қала әкімі.

Айтуынша, мұндай мәселе бір тұрғын үйге ғана қатысты емес. Бұдан бөлек тағы бес үй жөндеуден өтеді.

“Мәселе өткен жылдың соңында қисайған №719 үймен шектелмейді. Сол маңда тағы бірнеше үй бар. Қисайған үйдің жанындағы екінші үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қателеспесем, осындай жағдайда тұрған алты үй бар. Барлығы біздің бақылауымызда тұр”, – деп сендірді Сағынтаев.

Үй тұрғындары қала әкімімен кездескен кезде үйдің сапалы жөнделетініне қаншалықты кепілдік беретінін де сұраған.

“Мен де адам баласымын. Мен де Құдайдан қорқамын. Өтірік айтып, болар-болмас жұмыс бітіріп, үйлеріңізге кіріңіздер деп күнәһар болғым келмейді” деп жауап бердім. Қазір де осы сөзімді қайталағым келеді. Жөндеу біткен кезде әрбір үйге мұқият қарап отырамыз. Бұл бір ғана адамның тұратын үйі емес, көпқабатты, көппәтерлі үй”, – деп түйіндеді сөзін Сағынтаев.