«Салықты көтергенше, шығынды азайтсын»: депутат Үкіметтің салық саясатын сынады
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев үкіметке қосылған құн салығының мөлшерін көтеруді асықпауға кеңес беріп, премьер-министр Олжас Бектеновке осы мәселеге қатысты бірнеше сауал жолдады. «Бизнеске арналған салықты кәсіпкердің өзіне кесірі тимейтіндей етіп салу керек. Үкімет бюджетке қанша ақша қажет деп тапса, салық мөлшерін де сонша етіп белгілей салуға болмайды», – деп мәлімдеді Бейсенғалиев. Мәжіліс депутаты бюджет тапшылығын салықты көтерумен емес, шығынды азайтумен, қаражатты үнемдеп пайдаланумен шешу керек деп есептейді. Сонымен бірге, Бейсенғалиев Қазақстан экономикасының шамамен үштен бірін құрайтын «жасырын экономиканы» жарыққа шығаруды ұсынып отыр.