Семейдегі сауналардың бірінде түсірілген сурет әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жазба авторының айтуынша, саунада отырған азаматтар – полиция департаментінің қызметкерлері. Фото танымал блогер Руслан Лазутаның Instagram парақшасында пайда болды. Жазба авторының мәліметінше, суретте Семей қалалық Орталық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметінің (ЖПҚ) басшысы, полиция майоры Ришат Сұңғатов өзінің қарамағындағылары – учаскелік инспекторлармен бірге отыр. фото осы жылдың қаңтар айында карантинге және жаппай іс-шараларға тыйым салынғанына қарамастан, “жаңа басшының лауазымға ие болуын тойлау” үшін жеке құрамның барлығы жиналған саунада түсірілген. Жазбаға қатысты ШҚО полиция департаментін пікір білдірді деп жазады Zakon.kz. “Шынында да, әлеуметтік желілерде тараған суреттеде Семей полиция басқармасының қызметкерлері бар. Бұл дерек бойынша ШҚО полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексерісті бастады”, – деп хабардар етті ведомство.