Шекаралардағы 9 автокөлік өткізу пункті жаңартылып жатыр
Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан шекарасындағы 9 бақылау-өткізу пункті толыққанды жаңартылып жатыр, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі. Осы жұмыстар шеңберінде өткізу мүмкіндігін тәулігіне 6 есеге дейін, орта есеппен 170-тен 960 көлікке дейін арттыру, сондай-ақ шекарадан өту уақытын 30 минутқа дейін қысқарту көзделген. “Биыл 9 бақылау-өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр”, – деп жазылған хабарламада. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одақтың (ЕАЭО) сыртқы шекарасы бойынша барлық 10 автомобильдік шекара бекетінде автоматтандырылған электронды кезек жүйесі енгізілді. Оны “Qoldau.kz” платформасында және “CargoRuqsat” мобилді қосымшасы арқылы пайдалануға болады.