Қаржы мониторинг агенттігі ведомство қызметкерлерінің казиноға барғаны туралы ақпаратқа орай қызметтік тексеріс бастады. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады. “Этика кодексі бұзылғаны расталса, қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылады” деп хабарлады агенттік. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған Алматы прокуратурасына сілтеме жасалған ақпаратта 305 қазақстандық шенеуніктің казинода шамамен 506 миллион теңге ақша ұтқызғаны туралы хабар тараған. Құжатқа сәйкес, казино ойнағандар арасында ішкі істер министрлігінің – 97, қорғаныс министрлігінің – 95, қаржы министрлігінің – 25, Жоғарғы соттың — 7, қаржы мониторинг агенттігінің — 15, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің — 3, сонымен бірге жергілікті атқару органының — 36 және өзге мемлекеттік органдардың 27 қызметкері болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің казиноға барғанын растады. Ал Жоғарғы сот қызметкерлерінің казиноға барғаны жөнінде ақпаратты терістеген.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге арналған Этика кодексінде мемлекеттік қызметтің беделіне қатысты тыйым бар. Онда мемлекеттік қызметкерлердің казино орындарына баруына да тыйым салынған.