«Біз жеке адамдардың деректерін жариялаған жоқпыз. Біз үшін салық төлеуші туралы ақпарат маңызды. Егер салық төлеуші кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, ол бізде салық төлеуші ретінде тіркелсе, салық есептілігін ұсынса, салық төлеушілер туралы деректер салық құпиясы боп саналмайды. Сондықтан біз салық төлеушілер туралы мәліметтерді олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) бойынша орналастыра аламыз», – деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. Мемлекеттік кірістер комитеті биыл бірінші жартыжылдықта шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін жариялады. Құжатқа әртүрлі бағытта жұмыс істейтін 240 ұйымның атауы мен азаматтардың есімі енген. 2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына енгізілген өзгеріске сәйкес, мемкірістер комитеті өзінің интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізімін жариялай алады.