Шетелдік көліктер Қазақстан аумағынан шығарылады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, аталған талаптың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттік нөмірі бар көліктерге қатысы жоқ. Одақ аумағына үшінші елдерден әкелінген көлікті тиісті кедендік рәсімдеусіз бір жыл ғана жүргізуге рұқсат беру туралы шешімді Еуразиялық экономикалық кеңес 2020 жылғы 29 сәуірде шығарған болатын. Бұл кезде пандемия өршіп, шекаралар жабық болғандықтан, мерзім 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ұзартылған еді. Бұл мерзім біткеннен кейін Әкімшілік полиция комитеті мен Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері бірлесіп уақытша жүру мерзімі аяқталған көліктерді іздестіретін болады. Ондай көліктер табылған жағдайда айып тұрағына қойылады.