Шымкент және Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің жаңа қаулылары жарияланды. Бұл өңірлерде карантин ұзартылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
“Алматы облысында карантинді жалғастыруды және кейбір шектеу шарасын енгізуді қаулы етемін. Карантин режимі мен мерзімдері COVID-19 таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін”, – делінген Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың қаулысында.
Жаңа қаулыға сәйкес, қоғамдық көліктің жұмысы 23.00-ге дейін ұзартылады. Бір отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық жүруге тыйым мен 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуына шектеу сақталады.
Атап айтқанда, мына жерлердің жұмысы бұрынғыша тоқтап тұр:
50-ден аса отыратын орны бар қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (асхана, дәмхана,
кофе, мейрамханалардың және басқа да мекемелердің);
саны 15 адамға дейінгі кезекші топтарды қоспағанда, барлық мектепке дейінгі ұйым;
ойын-сауық объектілері (түнгі клубтар, көрмелер, бильярд және компьютерлік клубтар, балалар ойын алаңдары, жабық үй-жайлардағы батуттар және басқалар);
оқу-жаттығу сабақтарын қоспағанда, бассейндер;
ойын мекемелері, казино, құмар ойындар өткізілетін ғимараттар, үй-жайлар, құрылыстар.
Жаңа қаулы 22 қарашада 7:00-ден бастап күшіне енеді.
Шымкентте карантин 7 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Бұған дейін Алматы облысында демалыс күндері кафе мен СОО жұмысына тыйым салынғаны хабарланған болатын. Кейінгі тәулікте (18 қарашадағы деректер бойынша) Қазақстанда коронавирус инфекциясының 791 жаңа жағдайы тіркелді.