Шымкентте мұғалімдер заңсыз алған үстемеақыларын кері қайтарады

Шымкентте мұғалімдер заңсыз алған үстемеақыларын кері қайтарады. 344 мұғалім осыдан 2-3 жыл бұрын біліктілігін арттыру сертификатын сатып алып, үстемеақы алып келген деп хабарлайды aikyn.kz. Олардың көбі алған ақшасын сотқа дейін-ақ қайтарған. Ал 23-і кінәсін мойындамаған. Алайда сотта анықтаманың жалған екені дәлелденді. Олардың аты-жөні республикалық тестілеу орталығының деректер базасында тіркелмеген. Ал сертификатты сатқандардың ісі сотта «Алаяқтық» фактісі бойынша қаралып жатыр. Күдіктілер қатарында қалалық білім басқармасының қызметкері мен аттестаттау комиссиясының төрағасы бар. Білім басқармасының талап қою арызы толық қанағаттандырылып, біліктілік санатын беру туралы куәліктері жарамсыз деп танылды. 23 жауапкерден 15 миллионға жуық ақша мемлекет пайдасына өндірілді. Төрт жауапкерге қатысты бөлігі талап қоюшының арызы бойынша қараусыз қалдырылды, – деді қалалық әл-Фараби аудандық сотының судьясы Нұрғали Исмаилов.