Шымкентте науқастарды зорлап келген психиатриялық мекеменің қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Психикалық денсаулық орталығының екі қызметкері сотталды. Мекеме қызметкерлері екі науқасты қорлап, әсері күшті дәрілер беріп, зорлаған. Жәбірленушілердің арасында шизофрениямен ауыратын 17 жастағы бойжеткен де бар. Бойжеткен жүкті болып, кейін түсік жасатқан. Психикалық денсаулық орталығының қызметкерлерінің әрқайсысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Екі санитар моральдық шығын үшін жәбірленушінің әрқайсысына 5 млн теңгеден төлеуге міндеттелді. Сотталушылар Даржанов пен Дүйсебаев – Түркістан облысындағы орталықтың санитар бақылаушылары. Екеуі де сол мекемеде он жылдан астам жұмыс істеген 33 және 43 жастағы мамандар кінәсін сол күйі мойындамаған. Бәріне жасөспірімнің мекемеден жүкті болып шығуы дәлел болды дейді судья. Үкіммен келіспеген сотталушы тарап апелляцияға шағымданатынын айтты. Себебі шарананың биологиялық әкесі кім екені сол күйі анықталмаған.