Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов полиция департаменті ғимаратында жауап алу кезінде көз жұмған ер адамның өліміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 8 желтоқсанда Шымкент полиция департаментінің ғимаратында 1990 жылғы ер адам тергеу кезінде көз жұмған. Ол автокөлік айдап әкетті деген күдікпен жауап алу үшін полицияға жеткізілген. “Өкінішке қарай, осындай факті тіркелді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі істер министрлігі арнайы комиссия жіберді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Бүгін мәйітті тексереді. Оның өліміне не себеп болғаны тек соның және тергеу қорытындысы бойынша анықталады”, – деді Әйтенов. Айтуынша, тергеуге жеткізілген адам жауап алу кезінде өзін нашар сезінген. Қызметкерлер бірден жедел жәрдем шақырған, бірақ ол дәрігерлер келгенше қайтыс болды.