Словения үкіметі коронавирус эпидемиясы аяқталғанын мәлімдеді

Үкімет хабарламасында былтыр 12 наурызда енгізілген эпидемия режимі 16 маусымнан бастап алынатыны жазылған. Елдің денсаулық сақтау министрлігі эпидемияға қарсы шаралар 17 маусымға дейін сақталатынын, кейіннен ол қайта қарастырылатынын хабарлады. Жабық нысандарда маска тағу және дезинфекциялық құралдарды қолдану міндетті. “Ертеңнен бастап Словенияда эпидемия ресми түрде аяқталады, бірақ коронавирусқа қарсы күрес әлі біткен жоқ. Вакцинация эпидемияны бақылауда ұстаудың негізгі шарасы болып қала бермек”, – делінген министрлік хабарламасында. Соңғы мәліметтер бойынша, елде кейінгі тәулікте коронавирус жұқтырған 112 адам анықталған.