Студент мәртебесі болмаса, әскерге алып кетуі мүмкін. Елдегі жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру мерзімі сәйкес келмейді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді әскерге шақыру мәселесін Қорғаныс министрлігімен бірлесіп қарастырып жатқанын айтты. «Біз Қорғаныс министрлігіне мерзімді сәйкестендіру бойынша ұсыныс жасадық. Назарбаев университеті біздің көмегімізбен студент мәртебесін беру туралы шешім қабылдады, бұйрық шықты. Енді бізге мерзімді сәйкестендіру керек, себебі талапкерлер емтихан, сынақ нәтижесін күтеді, ал осы сәтте талапкерді әскерге шақыруы мүмкін. Сондықтан көктемгі және күзгі әскерге шақыру мерзімімен сәйкестендіріп жатырмыз,— деп түсіндірді ведомство басшысы.