Такси жүргізушілері сияқты онлайн платформа арқылы нәпақасын тауып жүргендерге әлеуметтік төлем аударылады. Бірақ бұл көрсетілетін қызмет ақысына әсер етпейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамар Дүйсенова сенатта осыған қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, жүргізушілер онсыз да арадағы делдал-операторға комиссия төлейді. Қазынаға аударылатын салық пен әлеуметтік төлем сол комиссияның есебінен алынады. Яғни, такси жүргізушілері қосымша шығын шығармайды. Бұл механизм онлайн платформамен жасалған келісімшарт аясында іске аспақ. Министр бұл аптада таксистер қауымдастығымен кездесіп, мән-жайды тағы да түсіндіретінін жеткізді.