Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық соты туған қызын суға батырып өлтірген келіншекке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Тергеу материалдарына сәйкес, былтыр 10 желтоқсанда 22 жастағы келіншек енесімен ұрсысып қалған. Одан кейін қызын алып, емханаға барған. Жолда енесі айтқан сөздер есіне түсіп, өз-өзіне қол салуға шешім қабылдаған. Кішкентай баласын да өлтіруге бел буады. Ол Келес өзеніне барып, баласын ұстап суға кірген. Су мойнына дейін жеткенде ойланып қалған. Біршама уақыттан кейін ойынан айнып, жағаға шыққан. Бірақ осы уақыт ішінде баласы тұншығып қалған. Сот-медициналық сараптама кезінде келіншектің кінәсі дәлелденді. Баласын өлтірген келіншек 15 жылға сотталды.