Талдықорғанның бұрынғы әкімі Дастан Шалтабаев Алматы облысы әкімдігінің құрылымында жаңа лауазымға ие болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, Шалтабаев Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалған. Дастан Шалтабаев қазақстандықтар арасында 2019 жылғы наурызда болған жанжалға байланысты белгілі. Сол кезде полицейлер Талдықорғанның экс-әкімі ұлының Toyota Camry көлігін тоқтатқан еді. Ал көлікті Шалтабаевтың ұлының досы тізгіндеген. Полицейлер жүксалғышты тінту кезінде патроны бар “Байкал” травматикалық тапаншасын, басқа көліктерге тіркелген екі жұп мемлекеттік нөмірді, бір рация, айналымға түспейтін, номиналы 100 доллар болатын купюраларды анықтаған еді.