Таразда қаңтар оқиғасы бойынша алты айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды

Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының ресми сайтында хабарланды. Іс тәртіпсіздікке қатысу, билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке шақыру мен арандату, оқ-дәрілерді жымқыру, жарақат салатын патрондар және оқ-дәрілерді заңсыз алып жүру, беру, сақтау, қызметтік үй-жайға заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру баптары бойынша қаралды. Іс сотқа процестік келісіммен түскен. Айыпталушылар кінәларын мойындады. “Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сондай-ақ процестік келісімнің шарттарына сәйкес, пробациялық бақылау белгілене отырып, әрқайсысына жаза тағайындалды. Олар жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді”, – делінген хабарламада. Үкім заңды күшіне енген жоқ.