Мойындалмаған “Таулы Қарабақ республикасының” өкілдері 20 қыркүйек 13:00-де атыс тоқтайтынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты Әзербайжан қорғаныс министрлігі де растады.
Өзін жариялап алған “Таулы Қарабақ республикасының” өкілдері Әзербайжан тарапының шартына келіскен. Баку тарабы кешеден бері Таулы Қарабақтағы армяндардың әскеріне қаруларын тастап, берілуді талап еткен. Мойындалмаған “Таулы Қарабақ республикасының” мәлімдемесіне қарағанда, олар әскерін таратып, 21 қыркүйекте Әзербайжанның Евлах қаласында Баку өкілдері мен Қарабақтағы армян қауымымен келіссөз басталмақ. Келіссөзден соң Таулы Қарабақтың бүкіл аумағы Бакудың бақылауына өтуі мүмкін.