Қаңтар оқиғасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған “Қазақстан халқына” қоры қырғын кезінде кездейсоқ қаза болған 19 адамның отбасына өтемақы төлегенін хабарлады. — Марқұмдардың жақындарынан өтініш түседі. Қоғамдық ұйымдармен, омбудсменмен бірігіп, өтінішті құзырлы органдарға жіберіп, жауап күтеміз. Қазірге дейін 19 адамның тізімін алдық. Олардың жақындарымен хабарласып, көмек көрсеттік. Мамыр бойы құзырлы органдардан ешқандай ақпарат алмадық. Меніңше, тергеу жұмыстары аяқталғанына қарай тізімдерді аламыз деп ойлаймын. Егер қандай да марқұмға қатысты тергеу аяқталса, ал біз ол жайлы органдардан ешқандай ақпарат алмасақ, ол адамды кездейсоқ қаза болған деп туыстарына көмек көрсетеміз, – деді қордың басшысы Болат Жәмішев 1 маусымдағы брифингте. Жәмішев қаза тапқандардың ресми тізіміне енгендердің жақындары да қордан көмек сұрағанын айтады.