Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. “Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады. Ол 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындаған. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзету тапсырылды”, – деп жазды Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында. Айта кетері, 2019 жылы Таразда 7-сынып оқушысын мектеп аумағындағы дәретханада зорлап кеткен. Бүкіл елді шулатқан оқиғадан кейін президент Тараз қаласының әкімі болған Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды.