Тоғыз мемлекеттік телеарна мемлекеттік тапсырыс конкурстарынан босатылды. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов оның себебін түсіндірді. «Бүкіл кабельді операторларда көрсетілімі болуға міндетті телеарналардың саны қазір 17. Олардың қатары жыл сайын конкурс негізінде қалыптасады. Халықаралық тәжірибені ескеріп, біз құрылымды өзгерттік. Енді 17 арнаның ішіндегі 9 мемлекеттік арна конкурсқа қатыспайды. Ешбір құжат та тапсырмайды. Себебі мемлекет бұл телеарналарды күтіп ұстауға ақша төлеп отырса, олардың мемлекет саясатын жүргізудегі қолжетімділігі 100 пайыз болуға тиіс. Олардың конкурсқа қатысуынан мән көріп отырған жоқпыз», – деді вице-министр. Ал міндетті пакеттегі қалған 8 арна бұрынғыша конкурстар арқылы мемлекеттік ақпарат тапсырысын ала береді.