Парламент сенаты ішкі істер қызметінің мәселелері туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, аталған заң жобасы аясында учаскелік инспекторлардың құзыреті кеңейеді. Сонымен қатар учаскелік инспектордың көмекшісі лауазымы енгізіледі. “Біздің есептеуіміз бойынша аудандық бөлімшелерге 2 мыңға жуық учаскелік инспектор көмекшісін енгізу қажет. Себебі елді мекендерде одан басқа ешкім жоқ”, – деді министр. Бұған қоса, айтуынша, учаскелік инспектордың көмекшілері кәмелетке толмағандардың ісімен де айналысады. “Учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеру үшін үш жыл ішінде олардың жалақысын өсіру жоспарланып отыр. Баспанамен қамту мәселесі де осы уақыт ішінде кезең-кезеңмен шешіледі”, – деп уәде берді Тұрғымбаев.