БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы Украинада қарулы қақтығыс басталғалы 3778 бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлайды. Оның 250-ден астамы балалар. Ал жарақат алғандардың саны 4186-ға жеткен. Соңғы бір тәуліктің ішінде 124 украиналық азамат жараланған. Десе де БҰҰ құрбандар мен задап шеккендердің саны ресми статистикадан әлде қайда көп болуы мүмкін екенін ескертеді. Қазір Әлем елдерінде Ресей мен Украина арасындағы әскери шиеленістен пайда болған азық-түлік пен өзге де тауар түрлерінің тапшылығы өрши түсті. АҚШ билігі мұрындық болған жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ұйымдастырылған кездесуде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Мәскеу Украина порттарында тұралап қалған кемелердің экспортына кедергі жасамау керек деген талап қойды. Ресей мен Беларусь өндіретін азық-түлік пен тыңайтқыш та әлемдік нарыққа шығу керек дегенді алға тартты.