Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесін жойды. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
ОСК баспасөз хатшысы Марина Гречанная Азаттыққа мекеменің парламент сайлауының қорытындысын жоққа шығару туралы шешім әзірлеп жатқанын хабарлаған. Сайлау қорытындысының жойылғанын оның алдында ОСК мүшесі Гүлнура Журабаева Facebook парақшасында хабарлаған.
Қырғызстанда парламент сайлауы 4 қазанда өткен. Оның алдын ала қорытындысы бойынша, үкіметшіл үш партия (“Биримдик” – 24,5 пайыз, “Мекеним Кыргызстан” – 23,88, “Кыргызстан” – 8,76) және оппозициялық “Бүтүн Кыргызстан” (7,13 пайыз) партиясы парламентке өткен. Парламентке өте алмаған қалған оппозициялық партиялар сайлау кезінде өрескел заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, қайта сайлау өткізуді талап еткен еді. Наразылар Ақ үй, парламент ғимаратын басып алғаннан кейін президент Сооронбай Жээнбеков “орталық сайлау комиссиясына сайлау кезіндегі заңбұзушылықтарды тексеруді тапсырғанын, расталса сайлау қорытындысын жоққа шығаруды ұсынғанын” мәлімдеген.