Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрлік мәліметінше, сейсенбі күні Бішкек травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының токсикология бөліміне 71 және 66 жастағы ерлі-зайыптылар жағдайы ауыр күйде түскен. Алдын ала диагноз – уқорғасыннан улану. “Пациенттердің айтуынша, олар ұзақ уақыт емдік мақсатта уқорғасын тұнбасын ішіп келген. Таяуда ғана дозасын ұлғайтқан. Қазір жүрек-қантамыр қызметі қалпына келгеннен кейін зардап шеккендердің жағдайы тұрақтанды. Интенсивті терапия жалғасып жатыр”,- деді министрлік өкілдері. Одан бөлек, 20 сәуірде уқорғасынды ішкен 63 жастағы тағы бір ер адам ұлттық кардиология және терапия орталығының реанимация бөліміне түскен. Науқаста әлсіздік, жүрек айнуы, лоқсу, жүрек ақауы белгілері болған. Қазір мамандар улы заттың құрамын анықтап жатыр. Айта кетейік, 15 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook-тағы парақшасында “коронавирустан 1-2 күн ішінде емдейтін дәрі табылғанын” хабарлаған еді. Оның уқорғасын жайлы жазбасын Facebook желісі өшіріп тастады.