Жамбыл облысында бір күнде 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Соның бірі Байзақтағы жарылыс кезінде жарамсыз болып қалған Жібек жолы ауылындағы мектеп. Мұндағы оқушылар көрші елді мекенге қатынап оқуға мәжбүр болған еді. Енді 150 орындық жаңа ғимаратта білім алады. Сонымен қатар “Шалғай Қарасу” алқабында өзекті болған мектеп проблемасы шешілді. Бұл мәселе талай рет біздің арнада көтерілді. Міне араға 10 жыл салып, жабайы иттерге таланып жүріп оқыған жеткіншектер, жаңа 600 орындық мектепте білім алады. Қалған білім ошақтары, Шахан мен Көкөзек ауылдарында салынған. Жалпы өңірде соңғы 2 жылда 41 мектеп бой көтерді.