Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды

Жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден озды
85-ке қараған шағында жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин қайтыс болды. Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Мұхтар Мағауин АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бүгін таң алагеуімде, Қазақстан уақытымен сағат 6-ға 5 минут қалғанда 85-ке қараған шағында қайтыс болған. «Жазушы» баспасы, «Жұлдыз» журналын басқарған классик халқына мол мұра қалдырды. Ол сонау кеңес заманының өзінде ескі дәуір жырауларын тірілтті. “Алдаспан” жинағы арқылы қазақтың 5 ғасырлық тарихына шолу жасады. “Аласапыран” тарихи роман дилогиясы үшін Абай атындағы Мемлекеттік Сыйлыққа ие болған. Ол Қазақстанның Халық жазушысы және Құрметті жазушысы. Оның баяғы “Тазының өлімінен” бастап, Қобыз сарыны, Сары қазақ, “Шақан шері”, “Жармақ” сынды әр шығармасы мен “Мен” ғұмырбаяндық мемуары оқырманның жүрек түкпірінде жатталып қалған. Еңбектері 27 том болып жиналған. Соңғы жылдары “Шыңғыс хан және оның заманы” атты толайым зерттеу еңбегін жазды. Тоқаев халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен туыстарына көңіл айтты.