Алматыда жатақханаға мұқтаж студенттерге арналған «Жедел штаб» ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Ол Сәтпаев университетінің екінші жатақханасында орналасақан. Оған Алматыға оқуға түскен кез келген студент немесе олардың ата-анасы хабарласа алады. Штаб өкілдері әр студенттің білім алатын университетіне хабарласып, оларға жатақханадан орын берілуін қадағалайды. Оған дейін екінші жатақханада екі күн тұра алады. Бұл жұмысқа Алматының барлық жоғары оқу орны атсалысады. Жедел штаб тәулігіне 100-ге дейін студентті қабылдауға дайын. Бүгіннің өзінде 17 студент жатақханаға орналасты. Штаб жұмысымен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек танысып, студенттермен кездесті. Министр келесі жылдан бастап көп балалы және мұқтаж отбасылардан шыққан студенттерге шәкіртақыға қосымша 50-60 мың теңге қаражат қарастырылатынын айтты. Бұл көмек студенттердің пәтер немесе жатақхана жалдап тұруы үшін беріледі.