Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша Жомарт Ертаевтың жазасы жеңілдеді. Апелляция алқасының қаулысына сәйкес, Ертаев енді түрмеде 11 жыл емес тоғыз жыл отыруы тиіс. Сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады. Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагимге де үкім шықты. Сегіз жылға бас бостандығынан айыру түрінде бұрын тағайындалған жаза жеті жылға дейін төмендетілген. Ал Bank RBK басқармасының экс-төрағасы, бұрын сегіз жылға бас бостандығынан айырылған Игорь Мажиновты жеті жылға соттап, мүлкін тәркілеген. Олардан басқа 18 сотталушыға қатысты соңғы үкім өзгертілген. Нәтижесінде бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрге алмастырылып, олар қамаудан босатылған. Еске салайық, бұған дейін соттың бірінші сатысында Bank RBK-дан 144 миллиард теңге ұрланғаны дәлелденген болатын. Қылмыс 2011-2017 жылдар аралығында жасалған.