Журналистердің құқығын бұзуға, күш көрсетуге жол берілмеуі керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деп мәлімдеді. Министр Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналистке күш қолданып, ғимараттан күштеп шығарып жіберген жағдайға қатысты пікір білдірді. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені ушықтырып отыр, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында. Балаева бұл бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай екенін айтты. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Бұл жағдайға қатысты әкімдік басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуы тиіс, – деді Аида Балаева.