Жыл басынан бері көпбалалы аналар 153,3 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы алды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз аралығында жалпы сомасы 153,3 миллиард теңгеге 390 мың отбасы көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды.
“Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері балалар санына байланысты 44 532 теңгеден (4 бала) 77 951 теңгеге (7 бала) дейін, 8 және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен сараланған 8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы – 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге төленеді”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, жалпы 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 191,1 миллиард теңге қарастырылған.