Елде күн сайын ондаған мың науқас тіркеледі. Вирус барлық штаттан табылып жатыр. Джонс Хопкинс университетінің есебінше, бейсенбі күні АҚШ-та бір күнде шамамен 60 мың адамнан коронавирус анықталған. Бұл 14 тамыздан бергі ең жоғары көрсеткіш. Денсаулық сақтау саласы мамандары науқастар санының өсу себебін айтпады, бірақ адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамай жатқанын, студенттер мен оқушылардың мектеп пен колледжге оралғанын атап өтті. Еуропа елдерінде вирус жұқтырғандар барған сайын көбейіп барады. Сарапшылар екі құрлықта да күн суытса, инфекция тарауы жылдамдайды, себебі адамдар жабық ғимараттарда неғұрлым көбірек отыра бастайды деп болжаған. 15 қазан күнгі мәлімет бойынша, Германия, Чехия, Италия, Польшада көктемде індет өршіген шақта тіркелген көрсеткіштер қайталанып отыр.