Қазнетте мобильді қосымшадан ақша аударған үшін банк салық салады деген фейк тарады. Бұл туралы Stopfake.kz сайты хабарлайды. Қазақстандықтарды алаңдатқан хабарлама RasTime YouTube-арнасының жүргізушісі таратты. Ол жеке тұлғаларға арналған ақша аударымдарына салық салу жүйесін әзірлеуге шақырған премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың сөзіне сүйеніп, осылай мәлімдеген. Ролик авторының айтуынша, салық аударым сомасы мен мақсатына қарамастан алынады. Қаржы министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. “Жеке тұлғалардың бірде-бір ақша аударымына салық салынбайды және мұндай салықты енгізу жоспарда жоқ”, – деп хабарлады ведомство өкілі. Министрліктегілердің айтуынша, Әлихан Смайыловтың кәсіпкерлердің қызметін немесе сатылған тауарлар үшін ақша аударымдарын салық салумен қамту қажеттігі туралы айтқаны рас. Бұл шара тек заңды тұлғаларға ғана қатысты болады.