Жолдағы қауіпсіздікті жақсартып, күтіп-баптау шығынын азайту мақсатында мемлекет биыл 5,8 мың шақырым жолға төлем енгізуді жоспарлап отыр. Биыл “Нұр-Сұлтан–Павлодар” мен “Нұр-Сұлтан–Қостанай” бағытындағы жол ақылы болады деп хабарлайды “Қазавтожол” компаниясының баспасөз қызметі. “Нұр-Сұлтан–Павлодар” тас жолының ақылы бөлімі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қаласы мен Ерейментау ауданы арқылы өтеді. Мұнда қазірдің өзінде 7 бақылау аркасы бар. Жол 1-ші техникалық санатқа жататындықтан, оған рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық 140 шақырым/сағатқа тең. Ал “Нұр-Сұлтан–Қостанай” жолының ақылы учаскесінде 9 бақылау аркасы орнатылған. Олар көктемде сынақ режимінде жұмыс істей бастайды. Жол учаскесінде 2-ші және 3-ші санаттағы арақашықтықтар болғандықтан, жеңіл автокөлік иелері жол жүру ақысын төлемейді.