Ақтөбе облысында боранды күні адасқан 43 жастағы азамат аман-есен табылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Таңда үйінен шығып, қайта оралмаған шаруа қожалығының жұмысшысын іздеу кеш түскенше жалғасты. Нәтижесінде төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері оны Ембі қаласынан 30 шақырым жерден тапты. Ол жоғалған мал іздеп, қыстақтан ұзап кеткенін айтқан. Бірақ үнемі қозғалыста болғандықтан үсік шалмапты. Бұдан бөлек, Темір ауданының аумағынан да ақтүтек боранда адасып кеткен екі тұрғын табылып, жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді. Жалпы өткен демалыс күндері ауа райының қолайсыздығын ескермей жолға шыққан 20-ға жуық адам қар құрсауынан құтқарылған. Оның арасында көліктері жолда тұрып қалған жолаушылар да бар.