БҚО-да карантин күшейтілді

Облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 30 наурыздағы қаулысы шықты. 1 сәуірден бастап күшіне енетін қаулыға сәйкес төртінші тоқсанда облыс аудандарында контигенті 300 оқушыға дейінгі ауылдық мектептерде балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат беріледі. Ал дерт көбейіп отырған Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында бала саны 15-тен аспауы тиіс. Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда шәкірттерді жеке оқытуға болады. Діни орындарда әр келушіге кемінде 5 шаршы метр есебінде, нысанның толуын 30 пайыздан асырмай жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, бұқаралық ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Қасиетті Рамазан айы кезінде де ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды. Қоғамдық тамақтандыру орындары санитарлық талапты сақтай отырып, сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.