Қазнетте бұдан былай ауырып, сабақтан қалған оқушылар нәтижесі теріс COVID-19 ПТР-талдауын ұсынуға міндетті екендігі туралы хабарлама таратылуда. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды. – Мектеп әкімшілігінің бұл талаптары заңсыз – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында. Мектептердегі заңсыз талаптарды растайтын скриншотта бұл оқиғаның Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында болғаны көрсетілген. Алайда аймақтың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Сәтбаев қаласының бас санитарлық дәрігері де оқушыларға мұндай талаптар қоймаған. Қорыта айтқанда, ауырып, сабақтан қалған оқушылар COVID-19 ПТР талдауын тапсыруы керек деген қауесет шындыққа жанаспайды.