АҚШ соты Шовинді Джордж Флойдтың өліміне кінәлі деп тапты

Дерек Шовин – бұрынғы полиция қызметкері. Он сағатқа созылған жарыссөзден кейін 12 адамнан құралған сот алқасы Шовинді барлық үш айып бойынша кінәлі деп тапты. Оған “абайсызда кісі өлтіру”, “адам өлтіру” және “тұншықтыру” баптары бойынша айып тағылды. 45 жастағы Шовинге ондаған жыл түрме жазасы берілуі мүмкін. Заңгер сарапшылар оның апелляцияға жүгінуі мүмкін екенін айтады. Былтыр мамыр айында дүкенде жалған купюра өткізгені үшін полиция назарына ілігіп, ұстау кезінде қаза болған Джордж Флойдтың өлімі АҚШ-та ірі наразылық туғызды. Нәсілшілдік мәселесінің қайта қозғалуына түрткі болды. Полиция қызметкері Дерек Шовиннің оны тоғыз минуттан астам уақыт тізесімен тұншықтырып, ұстап тұрғаны жайлы видео әлемге тарады. Миннеаполистегі сот залында Шовиннің қолына кісен салынып, қамауға әкетілген кезде ғимарат сыртына жиналған жұрт үкімді қол шапалақтап қарсы алды. Сот отырысы үш аптаға жуық созылған. Ондаған куәгер тартылды.