Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Нұр-Сұлтан – Алматы” тас жолын жөндеу жұмыстарын екі жылдың ішінде аяқтауды тапсырды, деп хабарлады Ақорда. “Жұмыс қарқынын күшейтіп, осы жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырамын”, – деді Тоқаев. Мемлекет басшысы жол салу және оны жөндеу жұмыстарының сапасыз атқарылып жатқанын да жеткізді. “Жергілікті жердегі проблемалар мен олқылықтарды егжей-тегжейлі шешіп алуымыз қажет. Қажет болса, тиісті шенеуніктерді жазалау керек. Олай істемесек, оңтайлы нәтижеге жете алмаймыз”, – деп атап өтті президент.